07 Наурыз, 2017

Тұрғын үй сатылымындағы тараптар құқы жайлы не білеміз?

2200 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Заңгерлер тұрғын үй сатылымы кезінде құжаттардың заңды екендігін анықтап, сатылымдағы үйге қатысты алаяқтық істердің бар-жоғын тексеру қажет екендігін айтады. Алайда, нақты іске келгенде көпшілік нотариустың көмегімен тұрғын үйді сату және сатып алу туралы екіжақты өзара келісімшарт жасаумен шектеліп жатады. Тіпті, кепілақы төлемін еш куәгерсіз рәсімдеп, артынан опық жеп жататындар да жоқ емес. Сонымен қатар, үйді күрделі жөндеуден өткізгенде кейбір тұрғындар үйдің техникалық жоспарын өзгертіп жібереді. Мұның арты неге әкелуі мүмкін? Үйдің жобасы өзгергеннен кейін оны сату кезінде қандай қиындықтар орын алып жатады? Осы ретте «Тұрғын үй сатылымындағы тараптар құқы» мәселесі жөнінен құқықтық сауатыңыз болғаны абзал. Осыған байланысты заңгер нотариус Райхан ҚУАНТАЕВАНЫҢ кеңесіне жүгінген едік. – Үй сатып алу үшін құжаттардың заңды екенін қалай тексеруге болады? Яғни, баспананы сатар тұста не­ме­се сатып алар кезде қандай құ­жат­­тар тиянақты әрі толық болуы тиіс? – Сатып аларда немесе сатар кезде жылжымайтын мүліктің барлық құжаттары түпнұсқа екенін тексеріп алыңыз, яғни мүліктің құқықтарын білдіретін: сатып алу-сату шарты, сыйға тарту шарты, мұраға құқық туралы куәлігі, жеке меншікке беру куәлігі, салынған үйдің заңдастырылған актісі және т.б. құжаттары болуы керек. Осы құжаттарда бірінші – но­та­риустың немесе құжатты берген ме­кеменің көк бояулы мөрі және сатып алушы мен сатушының, жауапты орындаушының қолы қойылған бо­луы керек, екінші – мемлекеттік тір­кеуден өтті деген мөрі немесе мем­ле­кет­тік тіркеу туралы электрондық ха­бар­­ламасы болуы міндетті. Сонымен қа­тар, мүліктің техникалық жоспары, жер телімінің мемлекеттік актісі бо­луы шарт. Егер сіз сатып алушы бол­са­ңыз, үй иесімен нотариусқа, немесе ха­лыққа қызмет көрсету орталығына ба­рып, құжаттарыңызды көрсетіп, жыл­жымайтын мүлікке тіркелген құ­қықтар (ауыртпалықтарды) және оның техникалық сипаттамалары тура­лы анықтаманы алып, құжаттардың орта­лық базада дұрыс тіркелгенін тексеріп алғаныңыз жөн. – Пәтердің қолдан-қолға жиі өтуі орын алып жатса, ал риелторлар оны «инвестициялық» мақсаттағы пәтер деп сатуға ұсынып отырған жағдайда сатып алушы қандай құжаттарға баса назар аударуы керек? – Жылжымайтын мүліктің қолдан-қолға жиі өтуі орын алып жатса, ол «инвестициялық» мақсаттағы немесе «заң­сыз тұстары бар, криминалды» бо­луы да мүмкін. Мұндай жағдайда с­атып алушы жылжымайтын мүлікті жан-жақты, яғни көршілерінен, КСК арқылы немесе Халыққа қызмет көр­сету орталығы арқылы тексеріп ал­ғаны дұ­рыс және жоғарыда айтып кет­кендей, жылжымайтын мүліктің құ­жаттары түпнұсқа екеніне көз жет­кі­зуі қажет. – Егер сатып алушы құрылыс ком­паниясынан үй сатып алғысы кел­се, ақшасын бөліп төлейтін болса, онда қандай келісімшарт жасалады? Үлескерлік келісімшарт жасалса, қарызын өтеп болғаннан кейін қо­сымша шарт жасала ма әлде сол жет­кілікті ме? – Сатып алушы мен құрылыс ком­паниясы арасында алғашқы жарна төленгеннен кейін үлескерлік келісімшарт жасалады. Содан кейін үй салынып бітіп, құжаттар толық тіркеуден өткеннен кейін, егер сатып алушы пәтердің құнын толық төлесе келесі келісімшарт, яғни меншікке беру келісімшарты жасалады және бұл келісімшартты аудандық әділет бас­қармасына барып тіркеуден өткізу қа­жет болады, сонда ғана сатып алу­шы­ның алған жылжымайтын мүлкі толық мен­шігіне өтеді. – Жылжымайтын мүлікті сатып алар кезде ақшаны берудің қауіпсіз тәсілдері қандай? Үйді сатушы банк ар­қылы есеп айырғысы келсе, онда ке­лісімшарт қай кезде жасалуы тиіс? Ақ­ша аударылуға дейін бе, әлде кейін бе? Егер алдымен ақша аударылса, оған куәгер керек пе, ал сатушы қо­лы­­нан ақша алғандығы туралы рас­та­­ма қағазы қажет пе? – Жылжымайтын мүлікті сатып алар кезде, немесе ақшаны беру кезінде қасыңызға жақын туыстарыңызды ертіп алғаныңыз дұрыс. Ақшаны меншік құқығы ауысу шартын жасаған кезде қолма-қол бергеніңіз жөн. Сондай-ақ, сатып алушы қолынан ақша алғандығы туралы растама қағаз алуыңыз қажет. Сатушы банк арқылы есеп айырғысы келсе, онда келісімшартты жасар алдында ортақ бір шешімге келіп алған дұрыс. Егер алдымен ақша аударылса, әрине, куәгердің болғаны жақсы. Мүмкін болса, келісімшарт жасағанға дейін банкке өтініш беру арқылы шотқа бұғау салып қойған жөн, және сатушы қолынан ақша алғандығы туралы растама қағаз алу қажет. Егер келісімшартты ақша аударылуға дейін жасаған жағдайда, келісімшартыңызда төлемақы банкте жасалды деп көрсеткеніңіз дұрыс болады. Арман ОКТЯБРЬ, журналист АЛМАТЫ